Malim.kz
Құқық

Павлодардағы банк тонау ісі: Ресей азаматы елге не үшін келгенін мәлімдеді

Айбын Атабай
видеодан скрин

Павлодардағы Halyk Bank бөлімшесін тонау ісі бойынша Ресейде қамауға алынған төрт азаматтың бірі Қазақстанға көлік сатып алу үшін барғанын мәлімдеді. Алайда тергеу оларды 2,59 миллиард теңге шығын келтірген ұйымдасқан топ құрамында болды деп күдіктеп отыр. Бұл туралы Malim.kz РИА Новости сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаны "батыл жасалған" қылмыс деп атады. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылғы 11 қарашаға қараған түні Павлодар қаласында белгісіз адамдар Halyk Bank (Қазақстан Халық Банкі) бөлімшесіне қабырғаны бұзып кіріп, депозитарийдегі зергерлік бұйымдар мен ақшаны ұрлап кеткен. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сот құжаттарында көрсетілгендей, Павлодар қаласының Орталық полиция бөлімі 2024 жылғы 11 қарашада тіркеген қылмыстық іс аясында Иваново соты төрт адамды қамауға алған. Тергеу деректеріне сәйкес, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ бөлімшесінің депозитарийінен зергерлік бұйымдар мен әртүрлі валютадағы ақша ұрланып, жалпы сомасы шамамен 400 миллион рубль (2,59 миллиард теңге) көлемінде шығын келтірілген. Ресей азаматтарына аса ірі көлемде ұйымдасқан топпен жасалған ұрлық бабы бойынша айып тағылған.

Қамауға алынғандардың бірі Иваново облысы Вичуга қалалық округіндегі балалар шығармашылық орталығының күзетшісі. Оның адвокаты Анастасия Терехова РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында қорғауындағы азаматтың да, өзге күдіктілердің де тонауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

"Қорғауымдағы азамат, оның танысы және тағы екі Ресей азаматы тек сол күні Павлодарда болғаны үшін айыпталып отыр. Бұдан өзге нақты дәлелдер жоқ, тіпті екі жұп Ресей азаматтарының өзара байланысы да анықталмаған", – деді адвокат.

Оның айтуынша, күдікті мен оның танысы Павлодарға автокөлік қарап, оны Ресейге айдап апарып, қайта сату мақсатында барған.
Сондай-ақ адвокат жәбірленушілер банк немесе жеке ұяшық иелері әзірге күдіктілерге келтірілген шығынды өтеу жөнінде талап-арыз түсірмегенін айтты. Алайда іс материалдарында 23 Қазақстан азаматына залал келтірілгені көрсетілген.

Қазір Қазақстан мен Ресейдің құқық қорғау органдары іс бойынша бірлескен тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың қараша айында Halyk Bank-тің Павлодар қаласындағы бөлімшесі тоналды. Белгісіз адамдар түнгі уақытта жертөле арқылы кіріп, басқарма қабырғасын бұзып, ірі көлемде ақша ұрлаған. Алдын ала деректер бойынша, ұрланған сома шамамен 1 миллиард теңге болуы мүмкін еді. Сол кезде банк пен полиция нақты соманы ресми жарияламады. Кейіе 2025 жылдың ақпанында, үш айлық іздестіруден кейін күдіктілердің Ресей аумағында ұсталғаны белгілі болды. Олар Ресей азаматтары. Ресей соты Қазақстан сотының санкциясы негізінде оларды қамауға алды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары