Павлодар облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағының аман қалған екінші ұшқышын Павлодар қаласына тасымалдау туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Malim.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1998 жылы туған пациент қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының бортымен Железин аудандық ауруханасынан Павлодар қалалық №1 ауруханасының жарақат бөлімшесіне жеткізіліп жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, жас жігіттің жағдайы туралы нақты ақпарат барлық диагностикалық шаралар аяқталғаннан кейін беріледі.
Сонымен қатар өңірлік полиция департаменті Павлодар станциясындағы көліктегі полиция бөлімі авиациялық апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, 27 мамырда Павлодар облысының Железин ауданында Ан-2 ұшағы апатқа ұшыраған. Әуе кемесінің ұшқышы қаза тауып, екінші ұшқыш аман қалған.