Malim.kz
Шоу-бизнес

Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері Астана әкімдігіне берілді

Сабина Асқарқызы
ашық дереккөз

Сот үкімімен тәркіленген Перизат Қайратқа тиесілі Астанадағы элиталық жылжымайтын мүлік нысандары қала әкімдігінің теңгеріміне өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы елорданың мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары Үкімет қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органның балансына қабылданған.

Үкімет қаулысына сәйкес, тәркіленген тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдардың есебіне алынады, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар департамент сот арқылы тәркіленген көліктерді декө қабылдаған. Олардың қатарында Lexus LX 600, Mercedes-Benz S450 және Haval H6 GT бар. Бағалау нәтижесінде Lexus көлігі Қаржылық мониторинг агенттігінің теңгеріміне берілсе, қалған екі автокөлік электронды сауда арқылы Астана қаласының полиция департаментіне өткен.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілде айында Biz Birgemiz Qazaqstan қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат алаяқтық және қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру айыптары бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған.

Тергеу деректеріне сәйкес, олар су тасқынынан зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға және Таяу Шығыстағы қақтығыстар құрбандарына көмек көрсету сылтауымен азаматтар мен ұйымдардан 3 миллиард теңгеден астам қаражат жинап, жымқырған.

Қазіргі уақытта Перизат Қайрат жазасын өтеу мекемесінде еңбекке тартылған.

 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары