Facebook әлеуметтік желісінде «Назарбаевқа қойылатын ескерткіш» деген фото тарап кетті. Бір қарағанда тұңғыш президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА ұқсағанымен ескерткіштегі бейнеден «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат ПЕРУАШЕВТІҢ сұлбасын көруге болады.
Мәселен facebook әлеуметтік желісін қолданушы Нұрбек ТҮСІПХАН: «Ақжолдың» «Нұр Отанға» ұқсағаны сияқты Назарбаевқа арналған ескерткіш Перуашевқа да ұқсайды екен, - деп жазды өзінің парақшасында.
Әзірге қайда қойылатыны белгісіз ескерткішке қатысты Мalim.kz сайтының тілшісі депутат Азат Перуашевқа хабарласқан еді. Алайда мәжілісмен телефонын алмай қойды. Бірақ Перуашев мырза Telegram әлеуметтік желісінде көпшіліктің сұрағына жауап бергендей болыпты.
«Желілерде жарияланған суретке байланысты түсетін сұрақтарға мынаны хабарлаймын. Өткен қыста өзім құрметтейтін, атақты мүсінші Тілеуберді Бинашев ақсақалымыз шеберханасына шақырып, дастархан жайып, басқа да туындыларымен бірге бозбала кезіндегі досы Шәмші Қалдаяқовтың мүсінін көрсеткен еді. Сол кезде мүсінші ағамыз жасаған жұмыстарының бірінің қасында тұрып, суретке түсуімді өтінген болатын. Қалғанының барлығы-әлдекімдердің сандырағы. Сәттілік тілеймін», - деп жазды Перуашев.
Мalim.kz сайтының тілшісі мүсінші Тілеуберді БИНАШЕВКЕ қоңырау соқты. Мүсінші телефон тұтқасын көтергенімен сұрағымызды соңына дейін тыңдамай жатып «мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын» деп байланысты үзіп жіберді.
Ал бейресми дереккөздері бұл ескерткіш Перуашевтің Түркістан қаласына жасап жатқан сыйлығы дейді.