Malim.kz
MALIMet

Пеш қосулы, әйнек әлі булы: көліктегі қай батырманы тексеру керек?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған


Суық күндері көлікке отыра салысымен әйнек буланып, жолды көру қиындайды. Пешті қосқанмен, кейде буы тарқамай қояды. Мұндайда ауа ағынын әйнекке бағыттап, кондиционерді бірге қосу көмектеседі, деп Malim.kz тілшісі SEAT автокомпаниясының кеңесіне⁠ сілтеме жасап хабарлайды.

Кондиционер қыста да қажет

Кондиционердің қызметі салқындатумен шектелмейді: ол салондағы ауаның ылғалын азайтуға көмектеседі. Сондықтан әйнек буланғанда жылы ауа ағынын алдыңғы әйнекке бағыттап, A/C батырмасын қосыңыз. Көлігіңізде әйнектің буын кетіретін арнайы режим болса, соны таңдаңыз.

Ішкі ауа айналымын өшіріңіз

Басқару тақтасындағы ішінде иілген жебесі бар көлік белгісіне назар аударыңыз. Бұл режим қосылып тұрса, салондағы ауа сыртқа шықпай, қайта айналады. Әйнектің буын кетіру үшін оны өшіріп, сырттан ауа кіретін режимге ауыстырыңыз.

Дымқыл төсенішті де тексеріңіз

Аяқкиіммен кірген қар еріп, төсенішті сулайды. Салонда қалған дымқыл киім мен қолшатыр да ылғалды көбейтеді. Сондықтан төсеніштің суын төгіп, кептіріп тұрған жөн. Әйнектің ішкі бетін таза ұстау да булануды азайтуға көмектеседі. Жолға әйнек толық ашылып, айнала анық көрінгенде ғана шығыңыз.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары