Петропавл қаласында "Мемлекеттік жастар саясаты мектебі" атты үш күндік оқыту семинарының бесінші, қорытынды кезеңі басталды. Жобаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Семинарға Қазақстанның әр өңіріндегі жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысуда.
Үш күнге созылатын оқу бағдарламасы аясында қатысушылар медиа және жасанды интеллект саласындағы сарапшылар мен тренерлерден дәріс алады. Мамандар жастар ресурстық орталықтарының жұмысында жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды қолдану, жастарды қолдау, деректерге сүйене отырып шешім қабылдау, өзін дұрыс таныстыру және тиімді коммуникация құру бағыттарын меңгереді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның 17-сі облыстық, 37-сі қалалық, ал 181-і аудандық деңгейде қызмет көрсетеді.
Жастар ресурстық орталықтары жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді.
"Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің" негізгі мақсаты – жастар ресурстық орталығы мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, жастармен жүргізілетін жұмыстың сапасын жақсарту.