Malim.kz
Құқық

Петропавлдағы үш адамды өлтіру ісі: Күдікті бостандыққа шықты

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Петропавлда үш адамды аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша резонанс тудырған сот процесі күтпеген шешіммен аяқталды. Қылмысқа тапсырыс берді деген күдікке ілінген кәсіпкер әйел бостандыққа шықты, ал адам өлтіргендер өмір бойына және ұзақ мерзімге сотталды. Бұл туралы Stan.kz жазды.

Мәліметтерге сенсек, Петропавлда соңғы жылдардағы ең резонансты қылмыстық істердің бірі бойынша қоғамды таңғалдырған шешім шықты. 

Бұл істің басты кейіпкерлерінің бірі ритуалдық қызмет көрсетумен айналысатын "Петро-спецобслуживание" компаниясының иесі Ирина Скоробогатова. Соңғы үш жыл бойы оның есімі Петропавл жұртшылығына жақсы таныс болды. Тергеу кезінде оны бәсекелестерін өлтіруге итермеледі деп күдіктенген.

Қанды оқиға 2023 жылдың 28 желтоқсанында болды. Сол күні Петропавл қаласында "Ангел" жерлеу агенттігінің иесі Вадим Приходченко, оның жұбайы Юлия және 17 жастағы ұлы Юрий қатыгездікпен өлтірілді. Қайғылы жағдай бүкіл елдің назарын аударды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстың басты себебі ритуалдық қызмет нарығындағы бәсекелестік. Марқұм болған отбасы мен Скоробогатованың компаниясы бір салада жұмыс істеген. Әрбір тендер үлкен қаржымен байланысты болған. Алайда сотта Ирина Скоробогатованың бұл қылмысқа тікелей тапсырыс бергені дәлелденбеді. Соған қарамастан, ол қылмыс туралы білгенімен, полицияға хабарламағаны үшін жауапқа тартылды.

Бірінші сот оны үш жылға бас бостандығынан айырды. Кейін апелляциялық шағымдардан соң жаза мерзімі тағы бір жылға ұзартылды. Дегенмен, кәсіпкер әйел түрмеде ұзақ отырған жоқ. 2025 жылдың желтоқсанында ол түзету мекемесінен босап шықты. Үйінде оны қарт анасы мен ерекше күтімді қажет ететін баласы күтіп отырған.

Оның мерзімінен бұрын босатылуына Қылмыстық кодекстің 74-бабы себеп болды. Бұл бап 14 жасқа толмаған баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Аталған өзгерістер заңда күзде күшіне енген.

Ал үш адамды өлтіргендерге мұндай жеңілдік жасалмады. Істің басты фигуранты, әрі Скоробогатованың көңілдесі болған Сергей Емельянов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы Данил Орлов 23 жылға сотталды. Қазір ол 27 жаста.

Еске салайық, бұған дейін мүгедектігі бар күйеуін өлтіруге киллер жалдады деп айыпталған Эльвира Еркебаеваға шартты жаза тағайындалды. Тергеу нұсқасына сәйкес, Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіру үшін екі миллион теңгеге киллер жалдаған. Қылмысты ұйымдастыруға 33 жастағы Кузнецов көмектескен, ол тапанша сатып алып, ер адамды өлтіруге тиіс болған. Абырой болғанда, қылмыс тек жоспар күйінде қалған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары