Ас әзірлегенде пияз турау біраз адамға қиындық туғызады: көз ашып, жас ағып, жұмысты қайта-қайта тоқтатуға тура келеді. Алайда күнделікті бірнеше әдетті өзгерту арқылы бұл жайсыздықты азайтуға болады, деп Malim.kz тілшісі Америка химия қоғамының мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Пияз неге көзді ашытады?
Пиязды кескенде оның жасушалары зақымданып, химиялық реакциялар басталады. Соның нәтижесінде көзді тітіркендіретін ұшпа қосылыс бөлінеді. Ол көзге жеткенде жас бездері белсенді жұмыс істеп, тітіркендіргішті шайып кету үшін жас бөледі. Сондықтан мәселе пияздың иісінде ғана емес.
Турар алдында салқындатыңыз
Пиязды алдын ала тоңазытқышқа салып қойыңыз. Америка химия қоғамының түсіндіруінше, салқын орта көзді ашытатын қосылыстардың түзілуі мен бөлінуін баяулатады. Бұл тәсіл жайсыздықты азайтуға көмектесуі мүмкін, бірақ көзден мүлде жас ақпайды деп кепілдік беруге болмайды.
Өткір пышақ қолданыңыз
Пышақтың өткірлігі де маңызды. Корнелл университеті зерттеушілері пиязды кесу кезінде ауаға тарайтын ұсақ тамшыларды бақылаған. Тәжірибе барысында өтпейтін пышақпен кескенде тамшылардың көбірек әрі қаттырақ шашырайтыны анықталған. Сондықтан пиязды жаншып кесетін мұқалған пышақтың орнына өткір пышақ қолданған жөн.
Асығып, қатты шапқыламаңыз
Пиязды жылдам турап бітіруге тырысқанмен, пышақты қатты сермеу кері әсер етуі мүмкін. Сол зерттеуде кесу жылдамдығы артқан сайын шашырайтын тамшылардың саны мен энергиясы көбейген. Ғалымдар өткір пышақпен байыппен кесу тамшылардың таралуын азайтатынын көрсеткен.
Пияздың түрін де ескеріңіз
Барлық пияз көзді бірдей ашытпайды. Вашингтон штаты университетінің маманы Линдси дю Тойттың айтуынша, күкіртті қосылыстардың мөлшері әсер етуі мүмкін. Мәселен, Walla Walla сияқты кейбір тәтті сұрыптар көзден жасты азырақ ағызуы ықтимал.
Келесі жолы ас әзірлерде пиязды алдын ала салқындатып, өткір пышақпен асықпай турап көріңіз. Бұл қарапайым тәсілдер көздің ашуын азайтып, асүйдегі жұмысты жеңілдетуі мүмкін.