Бутя. Тоғыз жылдық толғақтан соң

30 жыл бойы Қазақстанды қанап келген Назарбаев туралы «шындықтың» бетін ашу науқаны басталғалы, біраз бұлбұл еркін сайрап жатыр. Партия құрам деген мәлімдемелерді де жиі көріп қаламыз. Кезінде билікпен келісімге барған, ақыры саяси сахнадан кеткен саясаткерлер ендігі билікке қаншалықты қарсылас бола алады? Malim.kz бұл тараптағы алғашқы сөзді Болат Әбіловтен бастайды.

Алмас НҮСІП

  • 25.05.2022
Б.Әбілов. 11 қыркүйек, 2013 жыл

 

«Көріскенше» деп кетіп барам»

2013 жылы саясаттан кеттім деген Болат Әбілов тоғыз жыл ішінде «жағдайды жаңа көзқараспен саралай алатындай жаңа күш жинап» болған сияқты. Ол өткен аптада саясатқа қайта оралатынын мәлімдеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевқа арнап мәлімдеме жасағанға дейін Болат Әбілов сол кездегі Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры Ерлан Нығматулиннің Болат Әбіловтің аты жазылған коньяк пен виноны сыйлыққа алып тұрған, таудай қып үйген «бешбармақ по карагандинскийге» тамсанып отырған видеодан бір көрінген. Кетерінде шығармашылықпен айналысам, фильм түсірем, кітап жазам деп кеткен саясаткер, сөйтіп, атын кітапқа емес, шарапқа жазып, алаңсыз демалып жүрген...

«Уақытша кетіп бара жатқанымды бірден айтайын. Яғни біраз жыл өткесін жағдайды жаңа көзқарас, түсіністікпен саралай алатындай болып, жаңа күшпен міндетті түрде қайтып ораламын» – бұл оның негізгі уәжі болатын. Соншама жыл саясатпен айналысып, «оппозиция серкесі» ретінде аталып жүрген Әбілов «саясаттан кеттім» дегенде, оны «ақорданың адамы екен» дегенді көп айтатын көпшілік «е-е-е» деген де қойған. Оның «шығармашылықпен айналысам» деген екінші уәжінің де әшейін сылтау екенін түсінгендей, онша бір іздей қойған жоқ. Бұл 2000 жылдардың басында бірігіп, билікке әжептәуір қарсылас атанған оппозицияның жеңілісін ашық мойындауы сияқты әсер етті.

2019 жылы Назарбаев отставкаға кетіп, орнына қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып бара жатқанда да жалпақ жұрт оған лайықты қарсылас ретінде кейбір адамдарды атап жүрді – тізім ішінде Болат Әбілов болған жоқ. Рас, саясаттан хабары барлар сондағы президент сайлауы кезінде «уақытша кеткен» Бутя төбе көрсетіп қалуы мүмкін десті. Бірақ, ол кезде бірге өскен Нығматуллиндермен ет жеп, шарап ішіп жүрген Бутя өзі өмір бойы бір алыстап, бір жақындап жүрген «жездесімен» жаға жыртысуды ойламаған сыңайлы.

 

Тіл және Әбілов

2019 жылғы президент сайлауына түсу, қалай дегенде де, Әбіловтің жолы еді. 2005 жылғы сайлауда «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы атынан оппозицияның ортақ кандидаты ретінде Жармахан Тұяқбай түскен. Одан кейін, бір жылдан соң Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтірілген соң, бастапқыда «Нағыз Ақжол», кейіннен ЖСДП, одан соң «Азат» атынан негізгі адам ретінде сөйлеп, жиі көзге түсе бастаған Бутя келесі президент сайлауына түсетінін айтып қалып жүрді. Назарбаев 2011 жылдың сәуірінде өтетін сайлауды ақпанда жариялағанда, «Азат» ЖСДП қосындысы атынан Болат Әбілов ортақ кандидат ретінде бекітілді. Оппозицияның негізгі күші шоғырланған деп есептелетін бұл қосынды партия ақыры сайлауға байкот жариялап тынды.

Болат Әбілов пен жақтастары сайлауға түсуден айнып қалуын – уақыттың тығыздығымен түсіндірді. Соншама уақыт бойы оппозицияда жүрген, өздерін елдің сеніміне ие жалғыз саяси орган санайтын партияның «дайындыққа аз уақыт берілді, бұл әділетсіз» деген уәжі де көкейге онша қона қоймады. Тіркелмеген «Алға» партиясының атынан президенттікке түсем деп жүрген Владимир Козлов сайлау жариялана салысымен, қатыспайтынын айтып шықты. Ол «қазақ тілін үйреніп үлгере алмадым» деп ашық айтты. Әбіловтің бас тартуын да осы тараптан іздегендер болды. Және ол шындықтан онша алыс кете қойған жоқ.

Тіл – қазіргі қазақтың ең жанды жері. Қазақ тілі мәселесін көтеру – көпшілік қазақтың аузын алып, саяси ұпай жинайтын негізгі құралдың бірі. Ештеңе шешілмесе де, қазақ тілінің мүшкіл хәлін айтып, айқай салған адамды қазақ ұлтшыл, нағыз патриот деп ойлайды. Қазақтың «осал» тұсын бір кісідей білетін әккі Әбілов белсеніп шыққалы бері бірнеше бастама көтеріп жүр. Соның бірі осы ұлттық мәселеге байланысты: Қазақстанды – Қазақия, Астананы – Алашорда деп атау керек деген ұсынысы осы мақсаттан туған – елді өзіне бір қаратып алу. Бірақ, осы ұлттық эмоцияны қозғайтын тақырыптардың ішінде әзірге қазақ тілі туралы сөз көре алмадық.

Тілге қатысты мәселені айтқанда Әбіловтың бизнесмен кезіндегі орыс тілін – мемлекеттік тіл ретінде бекіту туралы айтқан ұсынысын аттап кету мүмкін емес. Әрине, ол кезде жай ғана бизнесмен Әбілов түптің түбінде қазақ тілі үлкен проблема болып алдынан шығады деп ойлаған жоқ. Бірақ, 2011 жылы орыс тілінің ресми статусын Конституциядан алып тастау керек деп, бүкіл жұрт дүрлігіп, билікке үндеу жолдап жатқанда, Әбілов бастаған «Азат» ЖСДП бұл үндеуге қатысымыз жоқ деп басын ала қашқан. Қазір де, референдум қарсаңында әлеуметтік желіде «орыс тілін Конституциядан алып тастау»; «қазақ тілін білмейтін адамды мемлекеттік қызметке қабылдамау керек» деген сияқты тілге байланысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Әбілов саяси ұпай жинаймын десе, ұлтшыл болып көрінем десе, ең алдымен осы бастамаларды қолдауға мәжбүр болады. Бірақ, тілге қатысты сөз болғанда ешқандай этнос өкілдерін тілдік шектеуге салуға болмайды деген ұстанымдағы адамның бұл тараптағы демократия туралы пәлсапасы тілге келгенде арқасы қозып кететін қазақтың көңілін тыныштандыра алмайды.

 

«Нағыз Ақ жолдан» – «Азатқа»

Болат Әбілов құрмақ ендігі партияның аты – «Біздің таңдау». Бастамашы топ әзірге партияның нақты мақсаты, бағыты, ұстанымы қандай болатыны жайлы толыққанды жоспар жариялаған жоқ. Және «егер тіркеліп жатса...» деген сөзді жиі қайталап жүр. Қазір партия тіркеу бұрынғыдай қиын емес, дегенмен, кезінде «Нағыз Ақжол» құрыларда міндетті 50 мың мүшені асыра орындап, 65 мың қол жинағанда да тіркемей қойған биліктен беті қайтып қалған Әбілов 50 мың 5 мыңға түскенде де өзінің Әділет министрлігінен өте қоятынына сенбейтін сияқты. Әрине, 65 мыңды қиналмай жинайтын Алтынбек Сәрсенбаевтың кезі емес, дегенмен, 5 мың қол жинау аса қиындық туғызбайтыны анық. Бірақ, «Конституциядан Назарбаевтың ерекше статусын алып тастауды» ұсынып мәлімдеме жасауы, «Назарбаевтың атындағы барлық нысандардың атын өзгертеміз» деген уәдесі де онсыз да күні батып бара жатқан экс-президентке қол шошайтып күліп жүрген көп шуылдақтың әрекетін қайталау ғана болып шығады, жұртты елітіп әкетуге қауқарсыз.

2019 жылғы сайлауда балама кандидат екені алдын ала белгілі болса да, біраз жұрт сенген, ақыры бар абыройынан айрылған Әміржан Қосановпен көп уақыт үзеңгілес жүруі де Әбілов имиджіне кері әсер ететіні даусыз. Кезінде бір емес, бірнеше мәрте бірге қамалып, 15 күндіктердің дәмін бірге татқан, тіпті, қатар жатып аштық жариялаған, бөліп тастағанда «бір камераға жатқызыңдар» деп талап қойғанын Әбіловтің қарсыластары әлі талай пайдаланып бағатыны анық. Демек, партиясы тіркеліп, бұрынғы оппозицияны қайта тірілткендей болса да, оның соңынан «Ақорданың жобасы» деген ат қала қоймайды.

Әбіловтің қармайтын бір талы – Алтынбек Сәрсенбаев есімі. Саясаткердің өлімінен кейін де солай болған. Бірақ, алдымен «Ақ жол», кейін «Нағыз Ақ жол» құрылып жатқанда да көбіне Сәрсенбаевтың көлеңкесінде қалып кете беретін тең төраға атын Алтынбек қойыпты дейтін «Нағыз Ақ жолды» өзгертпей, өзінің басты планға шыға алмайтынын түсінді. Алдымен 2007 жылы парламент сайлауы кезінде оны ЖСДП партиясымен қосты. Және партия атауы бейресми түрде ЖСДП аталып кетті. Аз уақытқа ғана біріккен екі партия «ажырасқан» соң, көп ұзамай Әбілов «Нағыз Ақ жолды» «Азат» деп өзгертіп алды. Бұл кезде 90 жылдары құрылған «Азат» қозғалысының әлі бар екеніне қарамастан, «бізді Ақ жолмен шатастырады» деген уәж айтты. Осы кезде «партия атына Алтынбектің есімін берейік» деген де ұсыныс айтылған дейді. Әрине, өзі де көлеңкеден шыға алмай жүрген Әбілов бұл атауды қабылдамас еді, бірақ, «Азатпен» қатар ұсынылған «Азамат» атауын да қабылдай салса болар еді. Қалай дегенде де енді оның мәні жоқ болатын. Партия атауы қалай өзгерсе де, бұл сол кездегі көп адам үшін Әбіловтің Алтынбектен бас тартуы сияқты көрінді. Тіпті, кейбір жақтастары партия атауын ауыстыруға наразы болды, партия құрамынан шығып кеткендер де кездесті.

Сол кезде Әбіловпен кетіскен оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин 2011 жылы: «Алтынбексіз Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосовтар бірден қаусап қалды ғой. Алтынбек тірі болғанда Болат Әбіловтер қазіргідей Ақордамен байланыста жұмыс істемес еді. Партияның атын өзгертіп, өзара быт-шыт болып, қайдағы жоқ әрекеттерге бармай, халықпен жұмыс істейтін еді», - деді.

«Нағыз Ақ жолдың» атауын өзгерту, сөйтіп, бір кездегі өз жақтасының аузымен «қайдағы жоқ әрекет» деп бағаланды. Бір қызығы, Әбілов 2009 жылы ЖСДП-мен қайта қосылғанда, партияның атауында «Азат» атауы алға шықты. «Азат» ЖСДП немесе жай ғана «Азат» аталып жүрді, ЖСДП қосымша анықтама ретінде ғана тіркеме аталатын болды. Осыны ескеріп, «Нағыз Ақ жолдан» бас тарту – Әбіловтің саналы түрде барған қадамы деуге болады.

2013 жылы Азат пен ЖСДП қайта араздасқанда Тұяқбай да Әбілов те бір бірін аяп қалған жоқ. Болат Әбілов 2005 жылғы президент сайлауына Жармахан Тұяқбайдың түсуін қателік деп бағалап, оның «басынан бақайшығына дейін шенеунік, рухы төмен адам» екенін айтып, сол үшін желге шашқан ақшасын еске алды. Ал, Тұяқбай Әбіловті партия ісіне араласпай қойды, партия жұмысын кері кетірді деп кінәлады.

 «Назарбаев кетсе еркін тыныстаймыз» деген Әбілов премьер-министр кезінде өзі сотқа берген Тоқаев билігі күшейіп тұрған уақытта саясатқа оралып жатыр. Тәуелсіздік күнін ауыстыруға, Фурманов көшесінің, астананың, бұрынғы президенттің атындағы барлық нысанның, тіпті, Қазақстанның атауын өзгертуді ұсынумен іс бітпейтінін әккі саясаткер білмейді емес, біледі. Енді ол бұрынғы орыс тілін мемлекеттік статус берейік дейтін немесе жеке куәліктегі ұлтты анықтайтын жолды алып тастау туралы бастама көтермейтіні анық. Дегенмен, саясатқа оралар қарсаңда берген сұхбаттарында «Бутя» атауы қайдан шыққаны, Назарбаевтан сатып алған қаламсабы, Сара Назарбаевамен танысу туралы аса бір сағынышпен айтқанан гөрі, ендігі оппозиция қалай жұмыс істеу керек деген тақырыпта сөйлесе, өзі жіберген қателіктер, тоғыз жыл бойы толғатқанда жасаған тоқтамы туралы айтқаны өтімді болар еді. Әйтпесе, жұрт Әбіловтен 1980-1990 жылдарда Қазақстан қандай болды, ол нені армандады деген мемуар, Тимур Бекмамбетов пен Бақыт Қилыбаевтың өзін қатты қызықтырған биографиялық көркем фильмнің есебін сұрамайтыны анық.

Саясаттағы жұмысы қозғалыс құру, партия құру, партияларды біріктірумен, «ажырастырумен», келісумен, кетісумен өткен Әбіловтің жеке-дара көзге түсіп, нағыз лидер ретінде танылған кезі жоқ екен. Қай кезде де біреуге арқа сүйеп, біреумен бірігіп жүруге тырысатын Бутяның ең жақын достары Нығматуллиндер көптен бері көрінбейді. Енді солардың және өзінің бизнесін қорғау үшін ғана партия құрып алмаса, басқалай саяси салмағы бар орган жасақтай алады деу қиындау.

Байланысты жаналықтар

Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

18.04.2024

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

18.04.2024

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

17.04.2024

Депутат жертвам паводка: Назарбаевский клан никуда не делся

17.04.2024

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

16.04.2024

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

16.04.2024
MalimBlocks
Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

Ол елімізде болған күрделі су тасқыны жағдайы аясында тұрақты су инфрақұрылымын дамыту үшін ЕО елдерімен әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. 

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

Сапар аясында ертең жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

Құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан заң жобасын әзірлеп, пысықтауға белсенді қатысқан қоғам мүшелеріне алғыс білдірді.

Депутат жертвам паводка: Назарбаевский клан никуда не делся

Депутат мажилиса Максат Толыкбай обвинил крупные нефтяные компании в нежелании делиться имеющейся у них техникой для помощи во время паводков.

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

Бұл туралы Тоқаев Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын қысқарады.