Malim.kz
Саясат

Президент 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуды ұсынды

Сабина Асқарқызы
Ақорда

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін. Бұл ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысы балаларды зиянды ақпараттан қорғау және олардың психологиялық саулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың эмоциялық тұрақтылығы мен адамгершілік тәрбиесі елдің тұрақты дамуы үшін маңызды.

Осыған байланысты Президент «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарауды ұсынды. Құжатқа 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына тыйым салатын норма енгізу көзделіп отыр.

Тиісті заңнамалық түзетулерді Мәжіліс бұған дейін қарағанымен, қабылдап үлгермеген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Құрылтай депутаттары жедел қарауы қажет екенін айтты. Президент мұндай шектеулердің бірқатар елде енгізіліп жатқанын атап өтті.

Балалардың психологиялық жағдайына төнетін қауіптің салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға көшуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент балаларды зиянды контенттен қорғау міндетін тек ата-аналарға жүктеуге болмайтынын айтты. Үкімет интернеттегі ақпаратты сүзгілеу және балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қосымша шаралар қабылдауы тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы балаларға арналған SIM-карталарды жаппай енгізуді тапсырды. Бұл бастама жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге бағытталмақ.

Осылайша, Қазақстанда балаларды цифрлық ортадағы қауіптен қорғауға бағытталған заңнамалық және техникалық шараларды күшейту мәселесі күн тәртібіне шығарылды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары