Malim.kz
Саясат

Президент: Ғылымға бөлінген қаржының нәтижесі көрінбейді

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын қаржыландыру ісінде жүйелі бақылау мен нақты нәтиже болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның сөзінше, бөлінген қаражаттың тиімділігі әзірге көңіл көншітпейді.

Президент соңғы алты жылда ғылымға бөлінетін қаржы бірнеше есе артқанын атап өтті.

Қазір бұл салаға жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам, яғни 500 миллион доллардан көп қаражат бағытталады. Алайда мұндай қомақты қаржыға қарамастан, нақты нәтиже байқалмай отыр.

Мемлекет басшысы Бас прокуратура салалық министрлік пен Ғылым қорында ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар анықталғанын жеткізді.

Оның айтуынша, гранттарды аккредиттеуден бастап қаржыландырудың барлық кезеңінде кемшіліктер бар.

Ғылым мен жемқорлық – бір-біріне кереғар ұғым. Мемлекет қаржысын жымқыруға жол бермеуі тиіс сүзгі жоқ. «Қаражатты игеру керек» деген түсінік қалыптасқан. Ал ғылыми жобалардың нақты пайдасы мен жаңашылдығына жеткілікті мән берілмейді, – деді Президент.

Сондай-ақ ол ғылыми жобаларды сараптау ұзаққа созылып, нәтижесінде көптеген бастамалар уақытында іске аспайтынын сынға алды. Үкіметке аталған мәселелерді жан-жақты тексеріп, шұғыл шара қабылдау тапсырылды.

Президент ғылыми әзірлемелер ел экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Дегенмен, бұл бағытта көрсеткіштер төмен. Мәселен, үш мыңнан астам қолданбалы жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылса, нарыққа небәрі 29 жоба шыққан.

Сонымен қатар заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдерінің бос жатқаны, ал Ғылым қорының қаржыны қайтару бойынша тиісті шара қолданбағаны сынға алынды.

Құқық қорғау органдары грант қаражатының бір бөлігі қайтадан тиісті ұйым қызметкерлеріне аударылғанын анықтап, 11 қылмыстық іс қозғаған.

Ғылыми қоғамдастықтың беделіне нұқсан келтіретін мұндай жағдайлар жауапкершіліктің жоқтығын, бақылаудың әлсіздігін және цифрландыру деңгейінің төмендігін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент ғылымда табысты жобалар бар екенін атап өтті. Алайда шынайы нәтижеге жету үшін кемшіліктерден сабақ алып, ашықтық пен тиімділікті арттыру қажет екенін жеткізді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары