Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайға ресми сапары барысында Қытайдың ірі компанияларының басшыларын қабылдады. Олардың бірі - CATL директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзянь, деп хабарлайды Malim.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен жоғары технология саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысы CATL компаниясының елімізде аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салу бастамасын құптады.
Бұл кәсіпорын Орталық Азияда осындай ауқымдағы алғашқы өндіріс орнына айналуы мүмкін.
Президент Қазақстанның шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндігі толық жететінін атап өтті.
Пань Цзянь CATL Қазақстанды компания қызметінің басты бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыратын маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.
Сонымен қатар оның компаниясы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсатына жәрдемдесе алатынын айтты.
Президент Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Contemporary Amperex Technology (CATL) 2011 жылы құрылған, электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналады (нарықтың 40 пайызы) және Қытайдағы белгілі әрі ірі компаниялар қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша CATL аккумулятор өнімдерін сату көлемі 661 ГВт-сағатқа жетіп, табыс 62,6 миллиард долларды, соның ішінде таза пайда 10,6 миллиард долларды құрады.