Malim.kz
Экономика

Президенттің бұл тапсырмасы 100% орындалды - Нәлібаев

Ереке Базарқұл
ФОТОЛАР: ©Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысында барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасы өңірде толығымен орындалған. Тіпті Арал қаласынан 120 шақырым қашықта орналасқан Ақбасты ауылы да орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Сонымен қатар брифингте Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесінің шешілгені айтылды. Президенттің 2023 жылғы өңірге жұмыс сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Аталған жобаға жалпы 26,2 млрд теңге қаражат бөлініп, 423 көпқабатты тұрғын үйге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаны іске асыру екі кезеңге бөлінген.

Бірінші кезең аясында 2024 жылы Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлініп, 186 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылды. Ал екінші кезеңде 15,2 млрд теңге қаржы есебінен тағы 237 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл осы мақсатта Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңге қаражатқа 61 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылды. Бұдан бөлек, Арнаулы мемлекеттік қордан 10,2 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда тұрғын үйлерді ыстық су жүйесіне қосу жұмыстары жалғасуда.

Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да жүйелі түрде жүзеге асуда. 2022–2024 жылдары аталған жоба бойынша 31,6 млрд теңгеге 78 ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 343 жоба іске асырылды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары