Malim.kz
Саясат

Президенттің Жолдауы: Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек

• Мадияр Қапанбек
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде экономикалық тиімділік пен нарықтағы сұранысты мұқият ескеру қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Qarmet кәсіпорнын мысалға келтіріп, тағы үш облыста осыған ұқсас өндіріс орындарын салу жоспарына қатысты сұрақ көтерді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Президент 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан әлемдік өндіріс тізбегіне белсенді араласуы үшін түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың ұлттық қорын қалыптастыру мәселесін қарастыруы қажет.

"Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр.

Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек. Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс.

Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.

Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.

Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ.

Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.

Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.

Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары