Ресей президенті Владимир Путиннің 2026 жылы Қазақстанға жасайтын сапарының шамамен уақыты белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ресейдің Астанадағы елшісі Алексей Бородавкиннің мәлімдеуінше, Мәскеу мен Астана Путиннің Қазақстанға сапарының мерзімі мен келіссөздердің күн тәртібін пысықтап жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, сапар мамыр айына жоспарланған.
"Мұндай жыл сайынғы сапарлар дәстүрге айналды. Қазір нақты күнін және келіссөздердің мазмұнын айқындап жатырмыз", – деді елші ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.
Бородавкиннің айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналуы мүмкін.
2026 жылдың мамыр айының соңында Астанада Еуразия экономикалық кеңесі Жоғары кеңесінің отырысы өтеді. Жиынға мүше мемлекеттердің басшылары қатысады деп жоспарланып отыр. Путиннің сапары дәл осы шарамен тұспа-тұс келуі ықтимал.
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы рет Мәскеуге 2025 жылдың қарашасында барған. Ал Путиннің Қазақстанға алдыңғы сапары 2024 жылғы қарашада өтті. Ол кезде Астана Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы саммитін қабылдаған еді.