Malim.kz
Спорт

«Қайрат» Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Арман Қайыпхан
Фото: “Қайрат” ФК

Алматының «Қайрат» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчында Черногорияның «Сутьеска» командасын 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Malim.kz.

Кездесу өте тартысты өтті. Есеп тек 76-минутта ашылды. «Қайрат» сапындағы Лукас Африко мергендік танытып, алаң иелерін алға шығарды.

Алайда матчтың негізгі уақытының соңғы минутында қонақтар сапынан Марко Мрвалевич таразы басын теңестіріп, есепті 1:1-ге жеткізді.

Ойын тең аяқталатын сияқты көрінгенімен, қосылған уақыттың үшінші минутында испаниялық шабуылшы Марк Гуаль жеңіс голын соқты. Бұрын Испания жастар құрамасы мен мадридтік «Реалдың» қосалқы командасында өнер көрсеткен футболшы осы маусымдағы алтыншы матчында төртінші голын соғып, екі нәтижелі пас берген көрсеткішін тіркеді.

Осылайша, «Қайрат» екі матчтан тұратын текетірестің алғашқы ойынында 2:1 есебімен басым түсті.

Қарымта кездесу 16 шілдеде Черногорияның Никшич қаласында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша ойын сағат 00:00-де басталады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары