Қазақстандық әнші Қайрат Нұртас пен оның жұбайы, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова тележүргізуші Динара Сәтжанге сұхбат барысында өз дәулетіне байланысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова алғаш рет бірге сұхбат беріп, Динара Сәтжанға Астанадағы жаңа пәтерлерін көрсетті. Сұхбат барысында жүргізуші Қайраттан оның қаншалықты бай екенін сұрады.
«Аллаға шүкір, барлығы жеткілікті. Бірақ мен ең алдымен отбасыммен, халқыммен, абыройыммен баймын. Мен үшін байлық бірінші орында емес, дегенмен жақындарыма барлық жағдайды жасадым, қыздарыма баспана алып бердім. Алматыдан шағын пентхаус сатып алдым. Негізгі тұратын жеріміз – Астанада. Алайда Жұлдыз жеке үй алғысы келеді. Сондықтан биыл соны бастаймын деп ойлаймын. Жалпы, ер адам өмірінде үй салуы керек. Шынымды айтсам, мен пәтерде тұра алмаймын», – деді Қайрат.
Әнші өзінің жиі үлкен концерттер беретінін, кейде демалуға да уақыт тапшы екенін айтты.
«Үй маған тыныштық сыйлайды, бірақ Жұлдыз барлық жерге камера орнатып қойған», – деп әзілдеді ол.
Сондай-ақ Динара Сәтжан Қайраттан қанша жасқа дейін ән айтатынын сұраған болатын.
«Валерий Меладзе неше жаста? 60-та ма? Бірақ әлі де ән айтып жүр. Мен де солай боламын», – деді әнші.