Malim.kz
MALIMet

Қайрат Шайжанов Жезқазған әкімі қызметінен кетті

Алуа Әшірбекова
Қайрат Шайжанов. Фото:instagram.com/akimatzhez|ЖИ арқылы өңделген

Қайрат Шайжанов төрт жыл атқарған Жезқазған қаласының әкімі қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл туралы Instagram парақшасында қала тұрғындарына арнаған жазбасында айтып, осы жылдардағы қолдау мен бірлескен жұмыс үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Қайрат Шайжанов төрт жыл ішінде тұрғындармен бірге Жезқазғанды дамытуға және қаладағы түрлі мәселелерді шешуге атсалысқанын атап өтті.

''Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, мол өмірлік әрі кәсіби тәжірибе берген маңызды мектеп болды", – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол тұрғындарға ұсыныс-пікірлері мен сын-ескертпелері үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, халықтың қолдауы күш-жігер берсе, сын мен ескертулер алға ұмтылуға ықпал еткен.

Қайрат Шайжанов Жезқазғанның өзі үшін ерекше қалаға айналғанын да жеткізді.

"Мен үшін Жезқазған – тек қызмет атқарған қала емес. Бұл - тағдырымның бір бөлігі, еңбегім мен жүрекке жақын естеліктерім қалған мекен", – деді ол.

Жазбасының соңында Қайрат Шайжанов Жезқазғанның одан әрі өркендеуін тілеп, қала тұрғындарына амандық пен тыныштық тіледі.

"Әкім ретіндегі қызметім аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ізгі тілегім ешқашан аяқталмайды. Қаламыздың дамуы жалғасып, әр шаңырақта береке мен тыныштық орнасын! Жезқазғанның болашағы жарқын болсын!" – деп жазды ол.

Қайрат Шайжанов туралы не белгілі?

Қайрат Абдуллаұлы Шайжанов 1977 жылғы 22 шілдеде Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген.

Екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы бастаған. Әр жылдары кәсіпкерлік саласында және мемлекеттік қызметте еңбек етті.

2009–2013 жылдары Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2015–2018 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі болды.

2022 жылғы 28 маусымда Ұлытау облысы әкімінің өкімімен, Президент Әкімшілігі және Жезқазған қалалық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары