Балаларды қорғау күніне орай елордадағы қалалық алаңда ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті.
Қала әкімдігі «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорымен бірлесіп ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мерекелік концерт ұйымдастырды. Іс-шара барысында балалар өнерлерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерттен кейін инклюзивті «Bolashak» театрының сән көрсетілімі өтіп, ерекше шығармашылық қойылым көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, әкімдік алдындағы алаңда Астана қаласының Сурет мектебі жас суретшілердің қатысуымен көрме ұйымдастырды. Балалар өз туындыларын ұсынып, шығармашылық шеберліктерін паш етті. Мерекелік бағдарламаны қаладағы өнер және музыка мектептерінің тәрбиеленушілері жалғастырып, музыкалық және шығармашылық нөмірлер орындады.
Сондай-ақ, «Сөз Мерген» медиа мектебінің оқушылары арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, өздерінің шығармашылық әлеуетін көрсетті.
«Балаларды қорғау күні – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін ерекше мереке. Осыған орай елордада түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Сарыарқа ауданы әкімі аппараты ұйымдастыруымен қалалық алаңда мерекелік бағдарламаларға өнер және музыка мектептерінің тәрбиеленушілері, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, жас суретшілер мен шығармашылық ұжымдар қатысты. Балалар өздерінің музыкалық, вокалдық, би және көркемөнер бағытындағы жетістіктерін көпшілік назарына ұсынып, мерекенің көркін аша түсті.
Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру, шығармашылығын қолдау және жарқын естеліктер сыйлау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі мерекелік іс-шаралар да осы мақсатқа бағытталып, балалар мен олардың ата-аналарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады», – деді “Сарыарқа” ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Аяулым Адешова.