Алматыдағы №1 Қалқаман қалалық ауруханасында практикадан өтіп жүрген интерн-қыздардың палата жинап жүрген сәті түсірілген видео Threads желісінде кеңінен тарап, қоғамның назарын аудартты, деп жазды Taulik.kz
Видеоны жариялаған Амангелдиева есімді қолданушының айтуынша, жас мамандарға негізгі медициналық жұмыстан бөлек, бір бөлменің шаңын күніне 2–3 рет сүрту сияқты міндеттер жүктелген. Ол сондай-ақ медқызметкердің интерндерге «шаңды дұрыс сүртіңдер» деп ескерту жасағанын жазады.
Жазба авторы мұны тәжірибеден өтушілерге көрсетілетін қысымның көрінісі деп бағалап, «интерндерді қорлауды тоқтату керек» деген пікір білдірген. Оның пайымынша, кейін дәрігерлердің практикалық дайындығы әлсіз деп шағымданатын қоғам, ең алдымен, интерндерді кәсіби дағдыға емес, қызмет көрсету жұмыстарына көбірек жұмсайтын ішкі тәртіптің салдарын ескеруі тиіс.
Сонымен бірге ол «Qzdardv кінәлі емес, мәселе – персонал мен жүйеде» деп нақтылап, бұл жағдайдың Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде қаралғанын қалайды. Айтуынша, өзіне көрсетілген медициналық көмекке шағымы жоқ, тек практикадан өтушілерге қатысты талап пен тәртіп әділеттірек болғанын құп көреді.