Malim.kz
Спорт

"Қандай керемет сәт!" – Головкин мен Шайдоров мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға гүл шоқтарын сыйлады (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
видеодан скриншот

Миланда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина үшін тарихи сәтке айналды. Спортшының Олимпиададағы алғашқы жарысы оның туған күнімен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл ерекше сәттен кейін Самоделкинаны Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров арнайы құттықтады. ҰОК-тің ресми Instagram парақшасында жарияланған видеода қос спорт жұлдызы Софьяға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тілейді. Геннадий Головкин жас спортшыға гүл шоғын табыстады.

"Софья Самоделкинаның Олимпиададағы дебюті туған күнімен тұспа-тұс келді! Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қос бағдарлама қорытындысы бойынша 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Сондай-ақ Олимпиада-2026-да үздік ондыққа енді. Бұл – спортшының мансабындағы айрықша сәт! Құттықтаймыз!" – делінген ҰОК-тің жазбасында.

Қысқа бағдарламада 68,47 ұпай жинаған Самоделкина еркін бағдарламада 141,63 ұпай иеленіп, жалпы есепте 10-орынға тұрақтады. Осылайша, ол Олимпиададағы дебютін табысты аяқтап, Қазақстан құрамасы үшін жаңа белеске қадам басты.

Айта кетейік, Софья Самоделкина 2007 жылы 18 ақпанда Мәскеуде дүниеге келген. Бұған дейін Ресей атынан өнер көрсеткен спортшы 2024 жылдан бастап Қазақстан құрамасының сапына қосылды. Ол – Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, 2025 жылғы NHK Trophy кезеңінің күміс жүлдегері және Дүниежүзілік студенттік ойындардың қола жүлдегері.

Сондай-ақ Самоделкина төрттік секіру элементтерін орындаған санаулы спортшылардың бірі. Ол халықаралық жарыстарда төрттік сальхов пен үштік аксельді сәтті орындап, күрделі техникалық бағдарламаларымен танылған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары