Malim.kz
MALIMet

Қар, бұрқасын және көктайғақ: 28 қарашада ауа райы қандай болады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Ертең, 28 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, бұрқасын соғады. Жолдарда көктайғақ болып, тұман түседі. Шығыс Қазақстан облысының кей аудандарында жел екпіні секундына 30 метрден асуы мүмкін, деп Malim.kz тілшісі Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды.

Үш мегаполистегі ауа райы

Астанада күн құбылмалы болады. Ара-тұра қар жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 9–14, екпіні 15–20, кей уақытта 23 м/с-қа жетеді. Түнде де, күндіз де 5–7 градус аяз болады.

Алматыда түнде аздаған жаңбыр мен қар жауады. Түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Солтүстік-шығыстан 3–8 м/с жылдамдықпен жел соғады. Түнде +1…+3, күндіз +6…+8 градус.

Шымкентте жауын-шашын болмайды. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысады, жылдамдығы 2–7 м/с. Түнде +2…+4, күндіз +7…+9 градус болады.

17 облыстағы болжам

Ақмола облысында қар жауып, көктайғақ пен бұрқасын болады. Жел екпіні өңірдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде 23–28 м/с-қа жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысында қар, көктайғақ күтіледі. Батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде боран соғады.

Қостанай облысында қар жауып, бұрқасын соғады, жолдарда көктайғақ болады.

Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі. Түнгі температура 3–8 градус аязға дейін төмендейді.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында қар жауады.

Атырау облысында кей жерлерде аздаған қар күтіледі.

Маңғыстау облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжанған.

Алматы облысында жауын-шашын сақталады. Түнде таулы аудандарда қар мен көктайғақ, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман күтіледі.

Жетісу облысында таулы аудандарға тұман түседі. Күндіз шығысы мен батысында жел екпіні 15–20 м/с болады.

Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында тұман күтіледі.

Жамбыл облысында солтүстікте, оңтүстікте және таулы аудандарда тұман түседі. Кей аудандарда түнгі жел екпіні 25 м/с-қа жетеді.

Қызылорда облысында түнде аздаған жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Бірқатар ауданда тұман күтіледі.

Ұлытау облысында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Жел екпіні кей уақытта 23 м/с-қа жетеді.

Қарағанды облысында қар, көктайғақ пен жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстігінде қалың қар жауады.

Павлодар облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ және жаяу бұрқасын болады.

Абай облысында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ күтіледі. Батысында, солтүстігі мен шығысында бұрқасын соғады.

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар жауады. Солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарда қалың қар мен бұрқасын күтіледі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары