Malim.kz
Құқық

Қарағанды облысында 7 адамның өмірін қиған жол апатының жүргізушісі сотталды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жеті адамның қаза табуына және тағы бір адамның жарақат алуына себеп болған жол апатына қатысты істі қарады, деп хабарлайды Malim.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 5 шілдеде шамамен сағат 16:00-де Д. есімді жүргізуші Kia Sedona көлігімен Алматы – Екатеринбург трассасымен Балқаш бағытына бет алған. 791-шақырымда ол жол белгілерін елемей, қарсы бағыттағы Toyota көлігін басып озбақ болып, жолаққа шығып кеткен. Осы сәтте көлік салмақ өлшеу жабдығын орнатуға арналған шұңқырға түсіп, жолдың екі жағындағы металл қоршауға соғылып, өртеніп кеткен.

Апат салдарынан көліктегі жеті жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Жүргізуші мен тағы бір адам жарақат алып, Шет аудандық ауруханасына жеткізілді. Сараптама жолаушының орташа ауыр жарақат алғанын анықтады.

Сотта айыпталушының кінәсі өз мойындауы, куәгерлердің айғақтары және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Прокурор соттан жүргізушіні бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілердің бірі қатаңырақ жаза қолдануды талап еткен, ал қалғандары айыптаушы тараптың ұсынысын қолдады.

Сот айыпталушының кінәсін мойындап, өкінгенін, кәмелетке толмаған баласы бар екенін және ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескерді.

Нәтижесінде жүргізуші бес жылға бас бостандығынан және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қарағанды – Балқаш тасжолында жеті адамның тірідей өртеніп кеткені хабарланған болатын.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары