Әлеуметтік желіде Қарағандыда 21 жастағы үндістандық студенттің жатақхананың терезесінен құлап, қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаға Қарағанды облыстық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Telegram-дағы «Патриот» арнасының мәліметінше, Қарағандыдағы медициналық университеттің үндістандық студенті өзі тұрған жатақхананың бесінші қабатындағы бөлменің терезесінен құлап, көз жұмған. Оның денесі кейін отанына жеткізілген.
Қайғылы жағдай 17 наурызда болғанымен, бұл туралы ақпарат енді ғана белгілі болды. Арна мәліметінше, марқұм соңғы курста оқыған. Ол 21 жаста болған. Полицияның алдын ала болжамынша, оқиға жазатайым жағдай болуы мүмкін.
«17 наурыз күні Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің 21 жастағы студентінің бесінші қабаттан құлап қайтыс болу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Жиналған материалдар мен сараптама қорытындылары негізінде қылмыстық іс заңнамаға сәйкес тоқтатылды», - деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.