Қарағандыда бірден үш көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан бес адам зардап шекті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 5 сәуірге қараған түні «Голубые пруды» шағын ауданында болған. Cobalt, BMW және Priora маркалы автокөліктер соқтығысқан.
ЖКО салдарынан зардап шеккен бес адам медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың жағдайы әзірге белгісіз.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Полицейлер болған жағдайдың мән-жайын анықтауда.
Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмау қажеттігін еске салды.
«Жолда мұқият әрі сақ болыңыздар. Жол қауіпсіздігі әрбір қозғалысқа қатысушыға байланысты», – деді ведомство өкілдері.
Соңғы бірнеше күнде өңірде жолдардағы бақылау күшейтілген. Қарағанды облысында жүргізушілердің тәртібі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық рейдтер өтіп жатыр. Оған учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жұмылдырылған.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімовтің айтуынша, негізгі назар профилактика мен түсіндіру жұмыстарына аударылған. Соған қарамастан, бір тәуліктің өзінде өңірде 800-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған, оның 70-і – өрескел заңбұзушылық.
Олардың қатарында мас күйде көлік жүргізу деректері бар. Рейд барысында үш мас жүргізуші ұсталды.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін қайта көлік басқару жағдайлары тіркелген. Осындай фактілердің бірінде 38 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Бұдан бөлек, заңсыз қараңғылау (тонировка) бойынша 22 жағдай, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарудың 8 дерегі және сақтандыру полисінсіз жүрудің 16 фактісі анықталды. 34 автокөлік айып тұрағына қойылды», – деді Кәкімов.