Malim.kz
Құқық

Қарашығанақ ісі. Шетелдік акционерлер Қазақстанға 4 млрд доллар өтемақы төлеуі мүмкін

Айбын Атабай

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Қарашығанақ жобасы бойынша арбитражда жеңіске жеткенін жазып жатыр. Соттың нәтижесінде Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игеріп отырған акционерлер Қазақстан тарапына 2-4 млрд доллар көлемінде өтемақы төлеуі мүмкін, – деп хабарлады Aikyn.kz.

Қазақстан тарихында соңғы 15 жылдан астам уақытта мұндай ауқымды даулардың мемлекет пайдасына шешілгені сирек. Бұған Стати ісін мысалға келтіруге болады: ол процесс өте ұзаққа созылып, қомақты қаржылай шығынды талап етті, сәйкесінше, Қазақстан түпкілікті түрде жеңіліске ұшыраған жоқ. Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, Қарашығанақ ісінде мәселе мүлде бөлек – сома ірі, әрі іс тікелей мемлекеттің пайдасына шешілді. Халықаралық деңгейдегі инвесторларға қарсы арбитражда Қазақстанның алғаш рет ашық түрде жеңіске жетуі – маңызы зор оң нәтиже.

– Бұл оқиғаны тек қаржылық дау ретінде қарастыру жеткіліксіз. Себебі бұл жағдай Қазақстанның «шикізат аймағы» деген имиджден алыстап келе жатқанын көрсетті. Мемлекет халықаралық корпоративтік консорциуммен дауда халықаралық құқық тетіктерін сауатты қолдана отырып, құқықтық тұрғыдан деңгейі артқанын дәлелдеді.

Қарашығанақ ісі ірі инвесторлармен қарым-қатынаста ұлттық мүддені қорғау бойынша құнды практикалық тәжірибе қалыптастырады. Бұл тәжірибе алдағы уақытта Қашаған жобасына қатысты әлдеқайда ауқымды дау туындаған жағдайда пайдалы болуы мүмкін, – деп жазды Абзал Нарымбетов Energy Analytics Telegram арнасында.

Қазір көпшілік Энергетика министрлігінен ресми мәлімдеме күтіп отыр. Алайда ведомство әзірге бұл мәселенің мән-жайын жариялай алмайтынын аңғартты. Сарапшының айтуынша, халықаралық арбитраж тәжірибесінде мемлекеттік органдардың жеңіс туралы мерзімінен бұрын жасалған мәлімдемелері апелляцияға негіз болып, төлемдердің кешігуіне немесе мүлде жүзеге аспай қалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан министрлік бюджетке қаражаттың нақты және кепілді түрде түсуін қамтамасыз ету үшін процесті жабық құқықтық режимде аяқтап жатыр деуге болады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары