Бүгін Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы ресми түрде табиғи газ желісіне қосылды. Бұл туралы malim.kz Қызылорда облысы әкімдігіне сүйеніп хабарлайды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ауыл тұрғындары мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы жиналғандарды көптен күткен маңызды жаңалықпен құттықтап, көгілдір отынның ауыл тіршілігіне жаңа серпін беретінін атап өтті.
— «Мемлекет басшысы газдандырылған елді мекендер санын арттырып, 1700 шақырым газ желісін жаңғырту қажет екенін айтқан еді. Бұл 300 мыңнан астам тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», —
деді облыс әкімі.
📌 Газдандыру жұмыстарының қарқыны
2021 жылдың соңында облыстың газдандыру деңгейі 67% болса, 2022–2025 жылдары 63,6 млрд теңгеге 77 жоба іске асырылған.
Өткен аптада Сырдария ауданының Шаған ауылына табиғи газ беріліп, Жаңақорғанда автоматты газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Енді Дүр Оңғар ауылының газға қосылуы өңірдің жалпы газдандыру көрсеткішін 83%-ға жеткізіп отыр.
📌 Жоба туралы мәлімет
Ауылға газ тарту үшін 62,5 шақырым жоғары қысымды құбыр жүргізілді. Ол Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан басталып, Сырдария өзені арқылы ауылға жеткізілген.
Жобаға облыстық бюджеттен 7 млрд 200 млн теңге бөлінген. Бұл инфрақұрылым алдағы уақытта 10 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елді мекенді кезең-кезеңімен магистральдық газ желісіне қосуға жол ашады.
📌 Марапаттар мен құттықтаулар
Шара барысында ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлер мен мердігер ұйым қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы да құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.