Malim.kz
Спорт

Қасым-Жомарт Тоқаев Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті бокстан Азия чемпионы атануымен құттықтады

Сабина Асқарқызы
Ақорда

Мемлекет басшысы боксшы қыздардың асқан шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері мен отаншылдық сезімі жанкүйерлерді тәнті еткенін атап өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент ұлттық құрама мүшелеріне алдағы әлем чемпионаттары мен Лос-Анджелес Олимпиадасында биіктен көрінуіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, бокстан Қазақстан әйелдер командасы Моңғолиядағы чемпионатты 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен аяқтаған. Жалпыкомандалық есепте Үндістан құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен бірінші орынды иеленсе, Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті 2 алтын және 3 қола жүлдесі бар Қытай құрамасы түйіндеді. Өзбекстан қыздары 2 күміс және 3 қола жүлдемен 7-орынды иеленді.

Ел құрамасынан Дина Исламбекова (+80) мен Надежда Рябец (-80 кг) алтыннан алқа тақса, Бақыт Сейдіш (-70 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал Әйгерім Сәттібаева (-48 кг) мен Валентина Хальзова (-75 кг) қола жүлде алды.

Ертең ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасынан Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Төрехан Сабырхан (-70 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг) бақ сынамақ.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары