Қазақстанда педагог кадрларға деген сұраныс артып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жою және мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, педагогикалық мамандықтарды таңдаған жастардың саны көбейіп келеді. Биыл мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Олардың ішінде 2 мыңнан астамы мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған.
Соған қарамастан, елде мұғалім тапшылығы әлі де сақталып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанға 5 мыңнан астам педагог қажет.
Кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жылдары жаңа мектептердің көптеп салынып жатқанын атап өтті. Бұл да педагогтерге деген сұранысты арттырып отыр.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігі кадр тапшылығын шешуге бағытталған жаңа тәсілдер ұсынуы қажет екенін айтты. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық беру маңызды екенін атап өтті.