Malim.kz
Экономика

Qatar Travel Mart 2025 көрмесінде Алматы туризмі таныстырылды

Ереке Базарқұл
Фото: © Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласының делегациясы Катар астанасы Дохада өткен өңірдегі ең ірі туристік шаралардың бірі — Qatar Travel Mart 2025 көрмесіне қатысып қайтты.

Биылғы көрмеге 60-тан астам елден туризм индустриясының мамандары жиналды. Шара Алматының халықаралық байланыстарын кеңейтуге және жаңа туристік нарықтарға шығуға мүмкіндік берді.

Фото: © Алматы қаласы әкімдігі

Көрме барысында Алматы төрт маусым бойы саяхаттауға ыңғайлы бағыт ретінде таныстырылды. Қала табиғи ландшафттары, белсенді демалыс түрлері, wellness-бағыттары, гастрономиялық туризм және іскерлік іс-шараларға арналған инфрақұрылымымен жан-жақты көрсетілді.

Алматы делегациясы көрме аясында 150-ден астам B2B келіссөз жүргізіп, нәтижесінде жетекші туроператорлар және халықаралық әуе компанияларымен ынтымақтастық туралы алдын ала келісімдерге келді. Жалпы 36 келісімге қол қойылды, бұл Алматыға алдағы уақытта әртүрлі елдерден 5 мыңнан астам турист тартуға мүмкіндік береді.

Фото: © Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы Туризм басқармасының Туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбіхан көрмеге қатысудың нәтижелеріне тоқталып, Парсы шығанағы елдерінен қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті:

«Бұл өңір туристері ең алдымен табиғатты іздейді. Алматы тауы, жайлы климаты мен жасыл аймақтары арқылы осы сұранысқа толық жауап береді. Араб елдерінің Алматыға қызығушылығы күшейіп келеді, біз бұл үрдісті одан әрі дамытуға мүдделіміз», —

деді ол.

Көрме бағдарламасының маңызды бөлігі — роуд-шоу болды. Онда Қазақстанның бес туроператоры Парсы шығанағы нарығына бейімделген туристік өнімдерін таныстырды. Іс-шараға Дохадағы Қазақстан Бас консулдығының өкілі, Орталық Азия елдерінің дипломаттары, жергілікті туркомпаниялар, БАҚ және серіктестерден 130-дан астам қонақ қатысты.

Фото: © Алматы қаласы әкімдігі

QTM 2025 көрмесіне қатысу Алматының шетелдік нарықтардағы тартымдылығын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болып табылады. Бұдан әрі Алматы Парсы шығанағы елдерімен бірлескен жобаларды дамытып, қаланы қауіпсіз, жайлы және табиғи тартымды туристік бағыт ретінде танымал ету жұмыстарын жалғастырады.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары