Театр және кино актрисасы Жанаргүл Жаныаманова студент кезінде белгілі актриса Назгүл Қарабалинаның өнеріне ерекше қызыққанын жеткізді. Ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында сол кездегі қызықты естеліктерін баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Жанаргүл Жаныаманованың айтуынша, Назгүл Қарабалина оның өнердегі үлгі тұтқан актрисаларының бірі болған. Студент кезінде ол әртістің сахнадағы ойынын тамашалау үшін театрға жиі барған.
"Мен Назгүл Қарабалинаға қарап өстім. Сол кісідей болғым келді. Бір қойылымын жібермей көрген студент болған шығармын. Күнде баратынмын. "Ымырттағы махаббатты" неше рет көргенімді есептемеген де шығармын. Әр қойылымын барып көретінмін. Қызметтік есіктің алдына барып күтіп тұратынмын. Не үшін күтіп тұратынымды өзім де білмеймін. Гүл де апармаймын, жай ғана күтіп тұрамын. Тек көргім келетін. Сондай қызық жанкүйер болдым. Сол кісіге қарап өстім, қатты ұқсағым келді", – деді актриса.
Жанаргүл Жаныаманова өзі үлгі тұтқан Назгүл Қарабалинамен әлі күнге дейін бір сахнада өнер көрсетпегенін де айтты.
"Назгүл Қарабалинамен бір сахнада өнер көрсетпедім. Өйткені ол кісі театрға қайта оралған кезде мен декреттік демалысқа кеттім. Одан шыққан кезде біздің ғимаратымыз жабылды. Сөйтіп, ол кісі өзінің спектакльдерінде, мен өзімнің спектакльдерімде ойнап жүрмін", – деп түсіндірді Жанаргүл Жаныаманова.
Жанаргүл Жаныаманова кім?
Жанаргүл Жаныаманова – қазақстандық театр және кино актрисасы. Ол 1989 жылы 29 наурызда дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында еңбек етеді. Сахнада "Король Лир", "Сүйген жардан айырылма" қойылымдарында өнер көрсеткен. Сонымен қатар "16 қыз", "Наурыз.kz" және "Сен маған керексің" фильмдеріне түскен.
Актрисаның жұбайы – "Келінжан" телехикаясындағы Қылышбек рөлімен танылған актер әрі режиссер Рүстем Жаныаманов. Ерлі-зайыптылар театр мен кино саласында бірге еңбек етіп келеді.
Назгүл Қарабалина кім?
Назгүл Қарабалина – қазақстандық театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 2001 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өнер көрсетіп келеді. Актриса "Ымырттағы махаббат" спектакліндегі Инкен бейнесі арқылы театр көрерменінің ерекше ықыласына бөленген. Сондай-ақ "Апалы-сіңлілі үшеу", "Көктөбедегі кездесу" және басқа да қойылымдарда рөл сомдаған.
Ол "Дарын", "Платиналы Тарлан" сыйлықтарының иегері, "Құрмет" орденімен марапатталған. 2022 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Жұбайы – белгілі актер Азамат Сатыбалды.