Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан ерлер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы екі алтын медаль түсті, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақ боксындағы егіздер Айбек пен Нұрбек Оралбай Азия чемпионы атанды. 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен жұдырықтасты. Жекпе-жек барысында Оралбай алғашқы раундтан-ақ басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.
Ал аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай (+90 кг) Қытай өкілі Данабек Байқонысты жеңіп, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Бұған дейін Айбек 2022 және 2024 жылдары да сары құрлық додасында үздік шыққан еді.
Осылайша, еліміздің ерлер командасы Азия чемпионатын 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен аяқтады.
Кеше Қазақстан әйелдер командасы чемпионатты 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен аяқтаған. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға тұрақтады