Malim.kz
Мәдениет

Қазақ мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлары Юнеско деңгейінде аталып өтеді

Ереке Базарқұл
© e-history.kz

Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин өзінің Facebook желісіндегі парақшасында хабарлапты. Оның айтуынша, Юнеско Бас конференциясының 43-ші сессиясында Қазақстан тарапынан берілген осындай бірнеше ұсыныс қолдау тауыпты.

Әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаев пен көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары 2026-2027 жылдары халықаралық ұйым аясында аталып өтілетін атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Бұл – ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан қазақстандық қайраткерлердің халықаралық деңгейде лайықты мойындалуының бір белгісі.

Юнесконың Атаулы күндер күнтізбесі – Ұйым тарапынан қолдау тапқан және халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын атаулы күндер мен мерейтойлардың, маңызды оқиғалардың ресми тізімі.

Юнеско Хатшылығының мәліметінше, Ұйым 1956 жылдан бері 1 234 атаулы күнді мерекелеуге атсалысқан. Соның 31-і Қазақстанның ұсынысы бойынша енгізілген. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 150 жылдық, Шымкент қаласының 2200 жылдық, Алматы қаласының 1000 жылдық, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойлары және басқа да атаулы күндер Юнеско қолдауымен халықаралық деңгейде тойланды. Осы жылы Юнескоың штаб-пәтерінде әйгілі композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары