Malim.kz
Денсаулық

Қазақ шенеуніктеріне Sanofi тағы пара беріп жүр ме? Вице-министр неменеге күледі?

Ереке Базарқұл
© © Depositphotos.com/ricochet69

Астана, malim.kz. Француздық Sanofi трансұлттық фармацевтикалық компаниясының түрлі елдердегі шенеуніктерге өз мүддесі үшін пара бергені туралы баспасөзде оқтын-оқтын айтылып жүр.

Айталық, 2018 жылы АҚШ бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы (SEC) Sanofi-ге "Қазақстан мен Таяу Шығыс нарығын жаулау үшін сыбайлас жемқорлыққа барды" деген айып таққан болатын. Ол кезде аталмыш компания 25 млн $ айыппұл төлеп құтылған еді.

Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов бұл компанияға қатысты жаңа деректер жариялады. Ол келтірген мәліметтерге сүйенсек, Sanofi қазақ шенеуніктерін паралауды қоймаған болуы мүмкін. Мысалы, қоғам белсендісі еліміз 2013 жылдан бері 149 млрд 585 млн 668 мың теңгеге Адасель, Гексаксим, Пентаксим сияқты вакциналар сатып алғанына назар аударады.

Дидар Смағұлов, дәл сол уақытта Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы 2012 жылы дәрінің мұндай түрлеріне (жасушасыз технология бойынша жасалған) өтуді асықпауды ұсынғанын айтады. Жасушалы дәрі-дәрмектен жасушасыз дәрі-дәрмекке өту көп елде көкжөтелдің қайта жандануына әкеп соққан болуы мүмкін екен. Оның үстіне, жасушасыз негіздегі дәрі-дәрмектер қайта вакциналауды қажет етеді, ендеше шығын екені де айқын дейді Дидар Смағұлов.

Дидар Смағұлов бұл мәселені Мәжілістің қоғамдық палата мүшесі ретінде комитет отырысында көтерген екен. Ол денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Сұлтанғазиевтен неліктен Sanofi-дің мүддесін қорғайсыңдар деп тікелей сұраған. Белсендінің айтуынша, Сұлтанғазиев мұны жала деп, күліп жіберген. Бірақ құжаттарда Sanofi өкілдері бар еді дейді Дидар Смағұлов.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев ©primeminister.kz

Қоғам белсендісі вице-министрдің жалған мәлімет бергені бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне шағым тастағанын жазыпты.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары