Malim.kz
Спорт

Қазақ төрешісі құлап қалған ресейлік спортшыға жоғары ұпай қойып, өзіміздікілерді төмендетіп тастаған

Мадияр Қапанбек
t.me/olympickz. Суретте: Михаил Шайдоров

Миланда өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан жарыстар қызу талқымен аяқталды. Қазақстан атынан төрешілік еткен ресейлік маман Надежда Парецкаяның шешімдері қоғам наразылығын тудырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ресейлік спортшыға жоғары ұпай, қазақстандықтарға төмен баға?

Әлеуметтік желі қолданушылары мен спорт сарапшылары төрешінің әділдігіне күмән келтіруде. Негізгі сын бірнеше жағдайға байланысты айтылып отыр.

Ресейлік спортшы Аделия Петросян еркін бағдарламада төрт айналымдық тулуп орындау кезінде мұзға құлағанына қарамастан, Парецкая одан ең жоғары – 147,04 ұпайын аямаған. Басқа төрешілердің бағалары айтарлықтай төмен болған. Соның нәтижесінде Петросян жалпы есепте 6-орынға жайғасты.

Ал Қазақстан намысын қорғаған Софья Самоделкинаға керісінше төмен баға қойылғаны айтылуда. Бұл оның турнир кестесінде 10-орынға сырғуына әсер еткен.

Ерлер арасындағы сайыста да ұқсас жағдай тіркелген. Михаил Шайдоровтың көрсеткішін Парецкая төмен бағалап, оны 7-орынға түсіргені желіде қызу талқыланды.

Қысымға қарамастан – алтын медаль алды

Қысқа бағдарламадағы ұпайдан кейін Михаил Шайдоров еркін бағдарламада тәуекелге барып, техникалық тұрғыдан өте күрделі бес төрт айналымдық секіру элементін орындауға бел буды. Қиындықтарға қарамастан, спортшы мінсіз өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті.

Нәтижесінде Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.

Жанкүйерлердің талабы

Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Надежда Парецкаяның әрекетін кәсіби этикаға сай емес деп бағалап, Қазақстанның Мәнерлеп сырғанау федерациясынан ресми түсініктеме беруді талап етуде. Көпшіліктің пікірінше, ел намысын қорғауға барған төрешілер ең алдымен әділдік принципін сақтауы тиіс.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары