Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, алдағы жылдары өңдеу көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
Министрдің мәліметінше, 2024 жылы мұнай өнімдерінің өндірісі 14,52 млн тоннаны құрады, ал биыл бұл көрсеткіш 14,55 млн тоннаға жетеді деп жоспарланған. Тұжырымдамаға сәйкес, 2040 жылға дейін өндіріс көлемі 29,2 млн тоннаға дейін өседі.
Сонымен қатар, 2040 жылға қарай Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерінің сапасы қазіргі K4 стандарты деңгейінен K5+ экологиялық талаптарына дейін көтерілмек. Бұл ішкі нарықтың сапалы жанармайға қажеттілігін өтеумен қатар, экспорт мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Ақкенженовтің айтуынша, жоспардағы ең ірі жобалардың бірі – қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы.
«2040 жылға қарай заманауи мұнай-химия конфигурациясында жұмыс істейтін, өңдеу тереңдігі 95% болатын жаңа ірі зауытты іске қосу көзделген. Осы арқылы елдің жалпы өңдеу қуаты 30 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін артады. Бұл жобалар ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп, артық өнімді көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», —
деді министр.