Malim.kz
MALIMet

Қазақстан Абу-Дабидегі халықаралық кітап көрмесіне қатысты

Алуа Әшірбекова
Фото: 🇰🇿 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Абу-Дабиде өткен 35-ші халықаралық кітап көрмесіне қатысып, отандық әдебиет пен баспа саласының жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Биыл халықаралық шараға 95 елден 1200-ге жуық қатысушы жиналған. Көрме аясында әдебиет, мәдениет және білім беру бағытындағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Биылғы көрменің тақырыбы "Парақта да, әлемді оқы" ұранымен өтті.

Қазақстандық стендте отандық авторлардың шығармалары, қазіргі қазақ әдебиеті, балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар, ұлттық мәдени мұраға арналған басылымдар және қазақстандық баспалардың жобалары көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ Қазақстан өкілдері шетелдік баспалар, әдеби агенттіктер және мәдени ұйымдармен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында қазақ әдебиетін шет тілдеріне аудару, авторлық және баспа құқықтарын халықаралық нарықта ілгерілету, сондай-ақ бірлескен әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстанның көрмеге қатысу бағдарламасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Nomad мәдениет қорының қатысуымен ұйымдастырылды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары