Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметкерлерді тамақтандыру жүйесі жаңартылуда. Жаңа модель бойынша сарбаздар тағамды өз қалауынша таңдай алады. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір тамақ рационын ұлттық тағамдармен толықтыру және калория мөлшерін арттыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бөлімшелерде ұлттық тағамдар күні өткізу тәжірибесі енгізіліп, оған мампар, қуырдақ, палау, ет және бауырсақ сияқты дәстүрлі тағамдар қосылған.
Сондай-ақ "швед үстелі" элементтері енгізіліп, әскери қызметкерлер күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамның ішінен таңдау жасай алады. Бұл ретте олардың бағасы өзгермейді.
Қазір 40 мыңнан астам әскери қызметкерді 23 қызмет көрсетуші тамақтандырады. Конкурс нәтижесінде 11 жаңа жеткізуші анықталды.
Сонымен қатар келісімшарттар үш жылға жасалып, барлық рәсімдер электронды форматқа көшіріледі. Бұл жүйенің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Тамақ сапасын арттыру мақсатында шамамен 300 бақылау және көрсетілім тағам әзірлеу рәсімі ұйымдастырылып, аспаздарға арналған оқыту шаралары өткізілді.
“Біз тамақтанудың заманауи моделіне көшудеміз. "Швед үстелі" элементтерін енгізу сарбазға таңдау жасау мүмкіндігін беру, тағамның әр түрлілігін қамтамасыз ету және тамақ сапасын арттыру жолы болмақ. Бірақ мұның бәрі шығындарды көбейтпей жүзеге асырылады”, – деді Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев.