Malim.kz
Экономика

Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 38-орынға көтерілді

Алуа Әшірбекова
aa.com.tr

Қазақстан әлемдегі ең бәсекеге қабілетті экономикалар рейтингінде 38-орынға ие болды. Ел ТМД мемлекеттері арасында аталған тізімге енген жалғыз мемлекет атанды, деп хабарлайды Malim.kz.

Qaz365.kz мәліметінше, Швейцарияның IMD орталығы жыл сайын әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігін экономикалық көрсеткіштер, мемлекеттік басқару тиімділігі, бизнес тиімділігі және инфрақұрылым деңгейі бойынша бағалайды. Биыл зерттеуге 70 мемлекет енгізілген.

2026 жылғы рейтингте Қазақстан 65,4 балл жинап, Испания, Португалия, Польша, Италия және Түркиядан жоғары орналасты. Рейтинг көшін Сингапур бастап тұр. Одан кейін Гонконг пен Швейцария орналасқан.

Жекелеген көрсеткіштер бойынша Қазақстан мемлекеттік басқару тиімділігі мен бизнес тиімділігі бағыттарында 23-орыннан көрінді. Инфрақұрылым сапасы бойынша ел 43-орында, ал экономикалық көрсеткіштер бойынша 57-орында тұр.

Зерттеуде Қазақстанның негізгі макроэкономикалық деректері де келтірілген. Елдің жалпы ішкі өнімі 306,2 млрд долларды құрап, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 44-орынға жайғасқан. ЖІӨ-нің нақты өсімі 6,5%-ға жетіп, әлем бойынша 6-орынды иеленді.

Сондай-ақ Қазақстан халқының саны 20,4 млн адам, жұмыссыздық деңгейі 4,6%, ал тұтыну бағасының инфляциясы 11,4% деп көрсетілген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары