Malim.kz
Спорт

Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Кака қызметінен кетті

Арман Қайыпхан
Фото: kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы футзалдан ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Фигейро Силвамен (Кака) келісімшарт аяқталғанын және ол қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бразилиялық маман 2018 жылдан бері Қазақстан құрамасын жаттықтырып, елдің футзалын жаңа деңгейге көтерді. Оның басшылығымен команда әлемдік және еуропалық үздік құрамалар қатарына қосылып, ойынының стилі мен тәртібі, жұмысты ұйымдастыру жүйесі жақсарды.

2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет жартылай финалға шығып, төртінші орын алды. 2022 жылы Еуропа чемпионатында плей-офф кезеңіне шықты, ал әлем чемпионатының іріктеу кезеңін сенімді аяқтады. Өзбекстанда өткен турнирде команда үздік сегіз құраманың қатарына енді.

Кака басшылығымен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте рекордтық көрсеткішке жетіп, халықаралық деңгейде мойындалды. Бапкер бірнеше мәрте «Жылдың үздік бапкері» атағына үміткер болды.

Спорттағы еңбегі мен ел футзалының дамуына қосқан үлесі үшін Пауло Рикардо Кака Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Қазақстан футбол федерациясы Какаға көпжылдық еңбегі, кәсібилігі мен адалдығы үшін алғыс білдіреді. Оның басшылығымен ұлттық құраманың ойыны командалық рух пен тұрақтылықтың үлгісі болды. Кака есімі Қазақстан футзалы тарихында мәңгі сақталады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары