Malim.kz
Саясат

Қазақстан мен Моңғолия арасында автокөлік жолы салынады

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды. 

Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндеттерді қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады. Өзара серіктестік әлеуеті зор. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу, – деді Моңғолия Президенті. 

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл тарихи уақиға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға негіз болатынына сенім білдірді.

Келіссөз барысында тараптар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен, туризм, көлік-логистика, өңіраралық байланыс бағыттарындағы өзара тиімді серіктестік перспективасын талқылады

Мемлекеттер басшылары бұл ретте Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашу, екі ел арасында төте автокөлік жолын салу мәселесін пысықтау мақсатында Үкіметаралық жұмыс тобын құрудың маңызына мән берді. 

Қазақстан Президенті Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуға көрсеткен қолдауы үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты. 

Бұдан бөлек, кездесуде екі елдің білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастығын ілгерілету мәселесі қарастырылды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары