Malim.kz
Саясат

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі

Сабина Асқарқызы
Фото: РФ Көлік министрлігі

1 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сагарчин» автомобиль өткізу пунктінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Malim.kz.

Шектеу өткізу пунктінің аумағында жүргізілетін жөндеу жұмыстарына байланысты. Мамандар асфальтбетон жабындысын жаңартып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеуді жоспарлап отыр.

Жөндеу кезінде көлік қозғалысы кері бағытта ұйымдастырылады. Яғни көліктер бір бағытта, кейін екінші бағытта кезекпен өткізілетін болады. Осыған байланысты өткізу пунктінде көлік кептелісі мен кезек пайда болуы мүмкін.

Осыған орай жүргізушілер мен жүк тасымалдаушыларға сапарын алдын ала жоспарлап, шекарадағы уақытша шектеулерді ескеруге кеңес беріледі. Қажет болған жағдайда балама өткізу пункттерін пайдалануға болады.

«Сагарчин» өткізу пункті Ресейдің Орынбор облысында орналасқан. Алдағы уақытта нысанды ауқымды түрде жаңғырту жоспарланған. 2028 жылға қарай көлік қозғалысына арналған жолақтар санын 3-тен 10-ға дейін көбейту көзделіп отыр.

Уақытша шектеу 29 қыркүйекті қоса алғанда күшінде болады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары