Malim.kz
Экономика

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе рейстері 2,5 есеге көбейеді

Айгүл Таңатар
vlast.kz

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 28-ден 70-ке дейін арттырылмақ. Бұл туралы Қазақстанның Көлік министрлігі хабарлады. Екі ел үкіметтері Эр-Риядта әуе қатынасы туралы келісімге қол қойған.


Келісім қолданыстағы құқықтық базаны нығайтып, екі ел арасында тұрақты әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Соның аясында Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Сауд Арабиясының өзге қалаларына қатынайтын бағыттарды көбейту көзделген.
Айта кетейік, Қазақстанның 2026 жылға арналған халықаралық әуе қатынасын кеңейту жоспарында бұған дейін Алматы – Эр-Рияд бағытын ашу да қарастырылған болатын.
Жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы туристік, іскерлік және экономикалық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Астананың халықаралық әуе хабы ретіндегі әлеуетін күшейтуге ықпал етпек.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары