Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы қаулы жобасы 2 наурызға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Жобаны Ішкі істер министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірлеген. Атап айтқанда, құжат «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарының талаптары негізінде дайындалды.
— Келісімді ратификациялау көші-қон саласында ақпарат алмасуды жолға қоюға, сондай-ақ қос азаматтық пен заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, келісімнің негізгі мақсаты — көші-қон процестерін тиімді реттеу, ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту және аталған саладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша өзара қолайлы жағдай жасау.