Malim.kz
Спорт

Қазақстан құрамасы FIFA Series турнирінде Намибияны жеңді

Арман Қайыпхан
Фото: ҚФФ

Бүгін, 25 наурыз күні Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада FIFA Series жолдастық турнирі аясындағы алғашқы матчын өткізді. Қарсылас — Намибия құрамасы болды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Астана Аренада» өткен кездесу алаң иелерінің сенімді жеңісімен аяқталды — 2:0.

Матчтың 12-минутында есепті Ян Вороговский ашты. «Астана» клубының қорғаушысы стандартты жағдайдан кейін сәтті әрекет етіп, алыстан дәл соққы жасап, есеп ашты.

Осыдан кейін Талғат Байсуфинов шәкірттері ойын тізгінін толық өз қолына алып, бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Дегенмен бірінші тайм минималды есеппен аяқталды.

Екінші таймда да қазақстандықтар басымдық танытты. Кездесудің 79-минутында Әлібек Қасым баспен дәл соққы жасап, есепті 2:0-ге жеткізді және матч тағдырын толық шешті.

Намибия құрамасы ойын барысында гол соға алмады. Қорытынды есеп — 2:0, Қазақстан пайдасына.

FIFA Series турнирі туралы не белгілі?

FIFA Series турнирінің басты мақсаты — әртүрлі конфедерацияларға кіретін құрамалардың бір-бірімен ойнауына мүмкіндік беру.

Жоба алғаш рет 2024 жылы пилоттық форматта басталып, 2026 жылдан бастап толыққанды әрі кеңейтілген турнирге айналды. Енді оған әйелдер құрамалары да қатысады.

Турнир 4 командадан тұратын топтар форматында өтеді. Әр құрама екі матчтан өткізеді. Бұл формат халықаралық ойын тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді әрі ойын кестесіне артық жүктеме түсірмейді.

Қазақстан құрамасы үшін бұл — жаңа қарсыластармен кездесіп, өз деңгейін көтеруге жақсы мүмкіндік.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары