Malim.kz
Саясат

Қазақстан Құрылтай сайлауына дайындалып жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: ЖИ

Қазақстанда Құрылтай сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Бүгінде бірқатар саяси партиялар кезектен тыс съездерін өткізіп, партиялық тізімдерін бекітті.

Осы уақытқа дейін «Әділет», Respublica, «Ақ жол», «Ауыл» және «Байтақ», ЖСДП, ҚХП партиялары Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын кандидаттарын ұсынды.

Белгілі болғандай, «Әділет» партиясы – 186, «Ауыл» партиясы – 69, «Байтақ» партиясы – 51, ЖСДП – 33, Respublica – 76, ҚХП – 72 кандидат ұсынды.

Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Қазақстанның жаңа заңнамасына сәйкес, екі палаталы (Мәжіліс пен Сенат) Парламенттің орнына Құрылтай – еліміздің бір палаталы заң шығарушы және жоғары өкілді органы құрылды. Оның құрамы 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады.

Құрылтай құру бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында жариялады. Кейін бұл бастама Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында заңнамалық тұрғыдан рәсімделді.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа институттың мақсаты – өңірлердің мүддесін ұлттық деңгейде кеңірек таныстыру, азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейту, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту және саяси реформаларды жалғастыру. Президент Құрылтайды халықтың түрлі әлеуметтік топтары мен өңірлерінің пікірін біріктіретін өкілді орган ретінде сипаттады.

Осылайша, Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси реформалардың келесі кезеңдерінің бірі болмақ.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 1 шілдеде Құрылтай депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Президент Орталық сайлау комиссиясына сайлауды ұйымдастыруды, ал Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға оны өткізуге қажетті ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық шараларды қабылдауды тапсырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары