Malim.kz
Экономика

Қазақстан Ресейге жанар-жағармай экспорттау мүмкіндігін қарастыруға дайын

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресейге жанар-жағармай материалдарын жеткізуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, Ресей үкіметінен ресми өтініш түскен жағдайда бұл мәселе қарастырылуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

Azattyq Ruhy сайтының жазуынша, министрлік Ресей үкіметінен автомобиль отынын сатып алу туралы ресми өтініш келіп түссе, Қазақстан жанар-жағармайды өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде сату мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеген.

«Ресей Федерациясы үкіметінен автомобиль отынын сатып алу туралы ресми өтініштер келіп түскен жағдайда, Қазақстан жанар-жағармай материалдарын өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде сату мүмкіндігін қарастыруға дайын», – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

Ведомство халықаралық келісімдер мен мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты коммерциялық келісімшарттар тек жеткілікті ресурс қоры болған жағдайда ғана жасалатынын атап өтті.

Сонымен қатар министрлік үшін басты басымдық – Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармаймен толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету екенін жеткізді.

«Экспорттық жеткізілімдер Қазақстан азаматтары мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін», – деп қосты министрлік.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары