Қазақстан шетелден қызанақ әкелуге шектеу енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін үшінші елдерден Қазақстан аумағына жаңа піскен немесе салқындатылған қызанақты (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы коды – 0702) барлық көлік түрімен әкелуге тыйым салу көзделген.
Алайда бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импортталатын қызанақтарға және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық транзитпен тасымалданатын өнімдерге қолданылмайды.
Құжатты әзірлеушілердің айтуынша, аталған жоба отандық өндірушілерді қолдауға және олардың өнімдерін тұрақты өткізуге жағдай жасауға бағытталған.