Әйелдер арасындағы ұлттық құрамалардың жаңартылған әлемдік рейтингі жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Астанадағы айтулы жеңісінің арқасында Қазақстан құрамасы өз көрсеткішін жақсартып, тоғызыншы сатыдан жетінші орынға көтерілді.
Рейтингтегі ілгерілеуге іріктеу кезеңінде 2023 жылғы әлем чемпиондары – Канада құрамасын жеңуі себеп болды. Астанада өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды. Бұл жеңіс қазақстандық теннисшілерге 2026 жылдың күзінде Шэньчжэньде (Қытай) өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік берді.
Әлемдік рейтингте Италия көш бастап тұр. Сондай-ақ үздік үштікке Ұлыбритания мен Украина енді. Жаңартылған тізімде Қазақстан Канаданы артқа тастап, Испания, Чехия және АҚШ бастаған алдыңғы қатарлы топқа жақындады.Әлемдегі ең үздік жеті команданың қатарына ену – қазақстандық теннис мектебінің жоғары деңгейін және құраманың халықаралық аренадағы тұрақты нәтижелерін айқын дәлелдейді.