Қазақстан құрамасы 22–27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өтетін WorldSkills Shanghai 2026 кәсіби шеберлік бойынша әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды Malim.kz.
Биыл Қазақстан атынан 33 жас маман 31 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мехатроника, инженерлік графика, CNC-технологиялар, бағдарламалық және мобильді қосымшалар әзірлеу, дәнекерлеу технологиялары, электроника, мобильді робототехника, электр монтаждау, өнеркәсіптік дизайн, аспаздық, автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету, ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері секілді бағыттар бар.
WorldSkills – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, сондай-ақ жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған халықаралық қозғалыс. Қазақстандағы WorldSkills қозғалысының ұлттық операторы – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» КЕАҚ.
WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатына 70-тен астам ел мен өңірден 1400-ден аса жас маман қатысады. Олар 64 құзыреттілік бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.
Чемпионаттың ашылу салтанаты 22 қыркүйекте өтеді. Негізгі жарыстар 23–26 қыркүйек аралығында Шанхай ұлттық көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылады. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 27 қыркүйекке жоспарланған.